Алматы облысында ешкі сүтінен балаларға арналған тағам өндірілмек. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытуды тапсырған еді. Бұл өңірлерде бірқатар жоба жолға қойылған. Соның бірі күніне 10 тонна ешкі сүтін өндіретін кәсіпорын іске қосылды. Өнімдер арасында балаларға арналған қоспалар да бар. Бүгінде 300-ге тарта ешкіні сауып отыр екен, алдағы уақытта тағы 250 бас сатып алмақ. Сонымен қатар, бұл жерде саумал, шұбатта шығарылады.
Қарасай ауданында ашылған жаңа зауыт 10 гектар аумақта бой көтерген. Мұнда 50-ге жуық маман еңбек етеді. Өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталып, үдерістердің басым бөлігі автоматтандырылған. Сондай-ақ кәсіпорынның өзіне тиесілі ешкі және жылқы фермасы бар. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысып, лентасын қиды. Олар жобаның стратегиялық маңызына тоқталып, зауыттың басты ерекшелігі табиғи әрі халал өнім өндіру екенін айтты.

Өндіріс ошағы Германиядан әкелінген заманауи қондырғылармен жабдықталған. Солардың ішінде ерекше мән беріліп отырғаны — «сублимациялық кептіру» әдісі. Бұл технология сүттің табиғи дәмі мен құнарын сақтап, шипалы қасиетін ұзақ уақыт жоғалтпауына жол ашады. Қазірдің өзінде кәсіпорын капсула түріндегі NEOSAUMAL, GОAT MILK, SHUBAT капсулалары, МАМА ЗНАЕТ құрғақ ешкі сүті сияқты үлкендер мен балаларға арналған 4 сүт өнімін ұсынуда.