2025 жылы 9 желтоқсанда Алматы облысында халықаралық «Alatau Investment Forum 2025» өтті. Форумға көрші мемлекеттерден 300-ден астам инвестор мен бизнес өкілдері қатысты.

Аталған іс-шараға бие сүті, түйе және ешкі сүтінен заманауи түрде тұтынуға арналған өнімдер өндіретін «NEO MILK» зауытының бас директоры Аманбаев Болат Бейсенғалиұлы да қатысып, заманауи өндірістік процестерді енгізіп, өнім сапасын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, Алматы облысының азық-түлік өнеркәсібін дамытуға қосқан маңызды үлесі үшін «Азық-түлік өнеркәсібі саласындағы үздік жоба» атағымен марапатталды. Аталған мапаратты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев табыс етті.

Форумды ашқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде инвесторларға қолайлы жаңа экономикалық кезең басталғанын атап өтті. Форумда жалпы құны 776 млрд теңгеден асатын, 16 меморандумға қол қойылды. Құжаттар өнеркәсіп, агросектор, логистика, энергетика және туризм бағыттарын қамтиды.

Форумға Қытай Халық Республикасының Циндао қаласы әкімінің орынбасары Гао Цзянь, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық корпорациялар мен ірі инвесторлар қатысты.

Өңірде соңғы жылдары бірнеше ірі нысан іске қосылды: бие сүті, түйе және ешкі сүтінен заманауи түрде тұтынуға арналған өнімдер өндіретін «NEO MILK» зауыты, «Алтын Таға» бетон зауыты, «КегенМясПром» ет комбинаты, «Қапшағай Бидай Өнімдері» агрокомплексі. Соның арқасында өңірдің заманауи логистикалық қуаты 16 есеге өсіп, 7 мыңнан 111 мың шаршы метрге дейін ұлғайды. Барлық іске асып жатқан жобалар мен форум аясында жасалған келісімдер Алматы облысының инвестициялық картасын жаңа деңгейге шығарып, өңірді ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналдырып отыр.