2025 жылы 8 желтоқсанда Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы саласында белсенділік танытып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттады. Іс-шара барысында түрлі санат бойынша 40-қа жуық маман мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің арнайы марапаттарына ие болды.
Аталған іс-шараға елімізге танымал брендтер, атап айтқанда «NEO SAUMAL», «NEO SHUBAT», «NEO GOAT MILK» сияқты бие сүті, түйе және ешкі сүтінен дайындалатын заманауи түрдегі тағамға биологиялық қоспа өнімдерін өндіруші, «NEO MILK» зауытының бас директоры Аманбаев Болат Бейсенғалиұлы да қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сиражиддинұлы Сұлтанов ауыл еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сала жетістіктеріне ерекше тоқталды.
“Құрметті Алматы облысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – агрономдар мен механизаторларға, сауыншы мен шопандарға және өзге де ауыл шаруашылығы саласының мамандарына құрмет көрсетілетін күн. Биылғы жыл агроөнеркәсіптік жетістіктерге толы болды. Бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдаудың және еңбек адамдарының маңдай терінің арқасында соңғы екі жылда айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Осы жоғары көрсеткіштерге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін”, – деді вице-министр.
Ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі мен тұрақты ізденісі – өңір дамуының негізгі тірегі. Бүгінгі марапаттау рәсімі Алматы облысының агросаласы алдағы кезеңде де сенімді өсім мен жаңа жетістіктерге қол жеткізетінін айқын көрсетті.
Ақпарат www.gov.kz сайтынан, Алматы облысы әкімдігінің жаңалықтар бөлімінен алынды.